Alakolmedia.kz сайтының тілшісі белгілі психоаналитик, Орта Азия психоанализ институтының басшысы Анна Құдиярова басқа ориентациядағы адамдар осы заманға дейін де болғанын атап өтіп, әуелі мәселені «неге мұндай жағдай болуы мүмкін» деген сұрақтан бастап саралады.
«Өз тәжірибеме сүйенсем, көп адам сол ориентациясын өзгертуге саналы түрде, өздігінен бармайды. Оған бейсаналы түрде, кейде саналы түрде отбасындағы қаралы, қайғылы оқиғалар әсер етеді. Кішкене кезінде педофилдерден қорлық көру т.б. бар. Мысалы, 8-9 жасар қызды ересек адам қорлайтын болса, қыз өз өзіне бейсаналы түрде серт береді. «Енді ешбір еркек менің тәніме қол тигізе алмайды» деп сөз берген соң, жыныстық даму, гормондар әсері оны билеп кетеді. Өзіне «серт» берген қыздар саналы түрде де, бейсаналы түрде де ғашық болғысы келген кезде сыныптасы, құрбысы т.б. таңдайды. Осылай әйелдің көзі әйелге түседі. Ондай жағдайларда психоаналитиктерге жүгінсе, өз мәселелерін түсініп, ориентациясына қайтып келіп жатады», — деді Анна Құдиярова.
Сондай-ақ, психоаналитик адамдардың неліктен мұндай жыныстық қанағаттандыруға ұмтылатынын айта кетті.
«Біздің психоанализ орталығына басқа ориентациядағы ұл балалар да келіп тұрады. Неше түрлі қайғылы жағдай, неше түрлі тағдыр. 3-4 жасар ұлды әке-шешесі көрші балаға «қарай тұршы» деп жұмысқа кетіп қалды. Бұл 90 жылдардың аласапыран кезеңі. Ал көрші 14-тегі жігіт, гормондары бар жасөспірім. 3-4 жасар балаға «саған кәмпит беремін», «саған сағыз беремін» деп алдарқатып, арам пиғылын жасайды. Сонда қарасақ, кішкентай ұл баланы дәніктіріп қойды. Ол соған үйреніп кетті. Енді оған одан басқа жыныстық қанағаттандыру қызық емес болып қалады», — деді Анна Құдиярова.
Қазіргі нейропсихология зерттеулеріне қарасақ, бізде де гендік модификация жүріп жатыр. Кейбір адамдардың гендерінің қосылуы табиғи солай жаратылады. Сондықтан еркек еркекті, әйел әйелді іздейтін көрінеді.
Психоаналитик ориентациясы басқа адамдарды қазір ешкім «ауру» санатына жатқызбайтынын атап өтті.
«Мүмкін, сол 50 мың адамның өзі маған келсе, жартысынан көбі гомофобиядан құтылар еді. Гомофобия деген — бейсаналы түрде өзінің гомомсексуал екенін қабылдай алмайтын адам. Бейсаналы түрде болсын, физиологиялық жақтан болсын бәрімізге әкеміз бен шешемізден келген жасушалар бар. Сонда әйелдік жасуша, еркектік жасуша, x және y хромосомалары әр біріміздің бойымызда бар нәрсе», — деді Анна Құдиярова.
Психоанализдің негізін қалаған Зигмунд Фрейд барлық адамға сол жыныстық қанағаттандыру қажет екенін айтады. Оның «По ту сторону принципа удовольствия» атты кітабы мен басқа да еңбектеріне көз жүгіртетін болсақ, әрбір адамның бұл өмірдегі мақсаты мейілінше бұл әлемнен қанағат алу. Ал бұл 50 мың адамның қарсылық әрекетін психоаналитик сол өзін өзі қанағаттандырудың бір жолы деп түсіндірді.
Сондай-ақ, Анна Құдиярова 50 мың адамның психологиясына да тоқтала кетті.
«Сонда ЛГБТ өкілдеріне тыйым салатын заңды қабылдатқысы келетін 50 мың адам не деп тұр? Олардың психологиясына қарасақ, «сенің тәніңе біз қожайынбыз», «кіммен жатып, кіммен тұратыныңды біз шешеміз», «кіммен жыныстық қатынас бастайсың, мен шешемін», «мен сенің қожайыныңмын» деп тұр», — деді психоаналитик.
Сондай-ақ, маман 21 ғасыр болса да көп қыздар әлі күнге дейін өзінің тәніне өзі қожайын емес деген ойды айтты. Мысалы, «Әкем не дейді», «шешем не деп айтады» деген ойда жүреді. Тек қана жыныстық қатынас емес, көзін бояудан бастап, шашын кесу, қалай киіну сияқты мәселелерде олар өздігінен шешім қабылдай алмайды.
«Күндіз ол жақсы қызметкер, күндіз ол үлгілі ұл немесе күндіз ол үлгілі, сымбатты келіншек. Ал түнде кімнің құшағында жатады, бұған біздің қатысымыз қанша? Әркім өзі шешеді. Қоғам бойынша оларды қудалайтын болсақ, онда «біздің үкіметтің деңгейі қандай?» деген сұрақ туады. Еркіндік, бостандық, жеке тұлғаға деген құрметіміз, сыйластығымыз бір тыйын болады», — деді психоаналитик сөзін түйіндеп.


Post Comment