Amanat және «Әділет» партиялары бірігуі мүмкін Мәжіліс депутаттары пікір білдірді

Amanat партиясының кезекті съезінде «Әділет» партиясымен бірігу мәселесі қызу талқылана бастады. Партия делегаттары мен Мәжіліс депутаттары бұл ықтимал саяси қадамды қоғам мен мемлекет мүддесі үшін жасалған маңызды серпіліс деп бағалап отыр.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ екі ұйымның бірігу идеясын ашық қолдады.

«Екі партияның бірігуін қоғам мен мемлекет мүддесі үшін жұмыс істейтін саяси күштерді күшейтуге бағытталған қадам деп қарастыруға болады. Әділетті мемлекет құру, тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі — бәрімізге ортақ құндылықтар», – деді Үнзила Шапақ.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты, Amanat мүшесі Ерлан Саиров та съезд кулуарында журналистерге бұл ақпаратты ресми түрде растады. Оның сөзінше, партияның саяси кеңес мүшелерінің басым бөлігі бұл идеяны қолдауға бейіл болып отыр.

«Съезд делегаттары саяси күштердің бірігуі мәселесін талқылап жатыр. Партия мұндай қадамды өзінің жеке мүддесі емес, елдің дамуының жаңа саяси кезеңінің бір бөлігі ретінде қарастырады», – деп мәлімдеді Ерлан Саиров.