Биыл Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына 60 жыл толды. Бүгін Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына 60 жыл толуына орай Үшарал қаласында арнайы іс-шара өтті. Хұсайын Берқалиев шекара қызметкерлері мен келген елге құттықтауын айтып, ізгі тілегін жеткізді.
Атыраудың тумасы Берқалиев Хұсайын Иманғалиұлы — әскери қызметкер, генерал-майор. Шекарадағы қызметін абыроймен атқарған Берікқалиев 1972 жылы Алматы жоғары командалық шекара училищесін бітірген. Ал 1974 жылы КСРО жоғары шекаралық әскери-саяси училищесі курстарын, 1988 жылы Әскери-саяси академияны бітірген. Шығыс шекара округінде шекаралық застава бастығының саяси жұмыс бойынша орынбасары, шекаралық отряд бастығы болып қызмет атқарған. 1980 — 1982 жылы Ауғанстанда әскери қызметте болды. 1997 жылдан ҚР Шекара әскерлері қолбасшысының орынбасары. Бірнеше жауынгерлік ордендермен және медальдермен марапатталған.
«Мен осы Үшарал отрядында 1974 жылдан бастап, 1981 жылға дейін қызмет еттім. Шекара басшысы болдым. Содан академияға кеттім. 1992 жылы қайтып келіп командир болдым. 1997 жылға дейін осында командир болдым. Ең қиын уақыттар сол кеңес одағының қирағаны болды. Офицерлер жетіспейді, тіпті айлар бойы айлықтары да жоқ, азық-түлік жоқ. Қиын уақыттар болды. Бірақ оның бәрі өткердік, қызметімізді атқардық. 1997 жылы маған генерал-майор атағын берді. Осы жерде қызмет еттім. Үш балам осы жердің топырағында туды», — деді Хұсайын Иманғалиұлы.
Аумалы-төкпелі заманда түрлі арам пиғылды қылмыскерлер немесе саясаткерлердің жоспарымен шекараға кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан Қазақстанның шекарасында ештеңені қалт жіберместен күзетіп тұрған сарбаздардың қызметін үлкен жауапкершілік деп қана емес, басын бәйгеге тігу деп айтсақ артық етпейді. Хұсайын Берқалиев сияқты ардагер-шекарашыларға әскерилердің де, халықтың да құрметі сондықтан ерекше.







Post Comment