Қазақ тілінің тарихы өте тереңде жатыр. Ана тіліміздің негізі біздің дәуірімізге дейінгі замандарда өмір сүрген көне түркі тайпаларынан бастау алады. Ол кезде қазіргі Қазақстан аумағында сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар сияқты тайпалар өмір сүрген. Олардың тілі кейін түркі тілдерінің қалыптасуына негіз болды.
Көне түркілер өз ойларын тек ауызша ғана емес, жазбаша түрде де жеткізе білген. Бұған Орхон–Енисей өңірінен табылған руникалық жазбалар дәлел. Бұл жазулар – түркі халықтарының ең алғашқы әліпбиі. Онда ел басқару, халықтың бірлігі, ерлік пен жауапкершілік туралы ойлар жазылған.
Уақыт өте келе түркі тілі бірнеше тармаққа бөлінді. Соның бірінен қазақ тілі қалыптасты. Қазақ тілі ұзақ уақыт бойы ауызша дамыды. Халық өз тарихын, салт-дәстүрін, дүниетанымын жыр, дастан, шешендік сөздер арқылы сақтап отырды.
Сондықтан қазақ тілі – халықтың жады, өткен өмірінің ізі, мәдениеті мен рухының көрінісі. Оның байлығы да, тереңдігі де осы көп ғасырлық тарихтан бастау алады. Арғы прототүркі тілінің құдіретін біз тасқа жазылға руна жазуынан білдік. Алғаш 1893 жылы Вильгельм Томсен алғаш рет Орхон бойынан табылған руникалық жазбаның сырын ашып, «Түрік» және «Тәңірі» сөздерін оқыған болатын. Бұл біздің руна жазуының тікелей біздің тарихымызға байланысты екенін көрсетеді.
Ең бір ғажап дүние сол дәуірдің өзінде бабаларымыз символикамен, эстетикаға ерекше мән берген. Мысалы табылған әшекейлердегі Аң стилінің тым өзгеше әрі өзіндік қиялға ерік бергені көрінеді. Барыстың, пырақтың, бұғының көрінісіндегі сұлулық қиялмен ұштасқан. Дәл осылай бабаларымыз өз тілінде де сол сұлулық пен қиялды тұтқан.
Оған дәлел мына:
«Жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді» деген ежелгі домбыраның мойнындағы жазу. Б.з. V-VI ғасырына жататын домбырадағы «Жұпар күй» деген сөзге мән беріп қарасақ, тыңдайтын әуенді бойды алатын жұпар иіске теңегенін байқауға болады.
Ал Күлтегін бітіктасында:
«Әкеміз, ағамыз билеген жұрттың аты, намысы жоқ болмасын деп түрік жұрты үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деп жазылған.
Бұл бабаларымыздың ерлік пен намысты бірінші орынға қойып, даңқ пен жауынгерлікті үлгі еткенін сездіреді.
Тіліміздің тұнықтығын, көркемдігін сақтап, еңбектер жазған алыптар бар. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев секілді алаш арыстарының қай қайсысы болмасын осы тұғырға лайық азаматтар.
ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары тілдің болашағына алаңдай бастады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін жасап, тіл білімінің негізін қалады. Ол қазақ тілін жүйелеп, ғылым тіліне айналдыруға күш салды. Бұл кезеңде тіл – ұлттық сананы оятудың басты құралы болды.
Тереңде жатқан тарихы бар тіліміз түрлі нәубетті бастан өткерді. Қайткенмен тәуелсіздікке қолымыз жетті. 70 жыл Кеңес одағының құрамында болған соң орыс тілі ана тілімізге әсер етпей қоймады. Сондықтан бүгінге тікелей аударма, яғни калька медиада да, ауыз екі тілімізде де өте көп. Киноиндустриядан бастап, эстрада, шоу-бизнес, заманауи ән өнері, теледидар, әлеуметтік желілерге дейін қате аудармалар өріп жүр.
Ең қиыны жастар ана тіліндегі әнді тыңдап, медиадағы контентті көреді. Қатесі түзелмеген соң сол күйі дұрыс деп қабылдайды да, оны қолданыстағы тілімізге «айналдырып» жібереді. Бұған ол әнші кінәлі емес. Өз ана тілінде тұнық сөйлеуге тырыспайтын қоғам кінәлі.
Ернар Амандық деген өте талантты әнші бар. «Сенен кейін» деген әніндегі тақырыптың өзі тікелей «после тебя» деген орысша сөздің аудармасы болып тұр. Тура осы тақырыпта кітап та, кино да бар. Сондықтар бұл өте танымал тіркес. Дегенмен қазақ тілінде тек қана «сенен кейін» деп айтқаннан гөрі «Қоштасқаннан кейін» деп аударса, мағынасы түсініктірек болатын еді. Жас әншілердің көбінің мәтінін қарап саралайтын болсақ, осы секілді тіпті өте өрескел қателер өріп жүр. Бұл «тілдің заманға сай түрленуі» дейтіндер де шығуы мүмкін. Бірақ ана тіліміздің тұнық, әрі өз тамырынан алыстамауына тіл мамандары ғана емес, барша қазақ атсалысуы керек.
Медиада ба кейбір тіркестер грамматикалық тұрғыдан дұрыс көрінгенімен, қазақ тілінің өн-бойына сай келмейді. Бұл құбылыс көбіне ресми құжаттарда, жаңалық мәтіндерінде, тіпті күнделікті адамдардың сөйлескенінде де жиі байқалады. Орысша ойланатын лауазымды орындарда отыратын дардай-дардай азаматтар да ресми мәлімдеме жасағанда «қазақша» сөйлеген болады.
Мысалы:
Мәселе өзекті болып табылады — Мәселе өзекті;
Өз тарапынан көмек көрсетті — Көмек көрсетті, жәрдем берді.
Осы секілді сөздерді теледидардан да, әлеуметтік желілерден де естіп жатамыз. «Алдыңғы арба қайдан жүрсе, Соңғы арба содан жүрер» деген сөз бар. Сондықтан атқа мінген азаматтардан бастап, медиаға шыққан кез келген тұлға, әлеуметтік желіде отыратын кез келген адам өзінің ана тілінің қадір-қасиеті үшін жауапкершілікті сезінуі керек.
Қазақ тілінің болашағы тек ғалымдар мен тіл мамандарына ғана байланысты емес. Ана тілінің тағдыры – күнделікті сөйлеп жүрген әр адамның қолында. Калька тілді бірден бұзбайды, біртіндеп әлсіретеді. Қазақша сөйлеп тұрғанымызбен, ойды өзге тілдің жүйесімен құра берсек, тілдің табиғи қалпы жоғала бастайды. Ал тілдің ең үлкен күші – оның өзіне тән ойлау тәсілінде, тұп-тұнық болып тұнып жатқан бастауында.
Жазушы Шерхан Мұртаза: «Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды» деп айтып кеткен. Әр ғасырда ана тілі мен ұлтына өзінше қызмет еткен, мұраны келесі ұрпаққа жеткізген тұлғалар болды. Осы замандағы сол тұлғалардың жалғасы ретінде бізде үлкен жауапкершілік бар. Әр жазылған мәтін, әр айтылған сөз, әр жарияланған контент тілдің ертеңгі келбетін қалыптастырады.
Сондықтан ана тілін әрбір адам қастерлеуі қажет. Қазақша дұрыс ойлап, дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуға тырысу – біздің келер ұрпақтың алдындағы борышымыз.
Дидар Қайратқызы







Post Comment