Атырау үлкен су тасқынына дайындалып жатыр

Атырау облысы және соған қарасты 51 елді мекені үлкен су тасқынына дайындалып жатыр, деп хабарлайды Alakolmedia.kz.

«Қазгидромет» РМК Атырау филиалының директоры Салауат Төленовтың сөзінше, судың басым көпшілігі Ресей Федерациясынан келуі бек мүмкін.

«Облыстың аумағында Қазгидрометтің 12 гидростанциясы орналасқан. Мұнда күніне 2 рет су деңгейі, мұз жағдайы, температура өлшенсе, айына 3 рет су шығыны мен стандартты тексерулер жүргізіледі. Бүгіні деректерге сүйенсек, облыстық барлық су объектілерінде гидрологиялық жағдай мен мұздың қалыптасуы тұрақты. Өзендердің де деңгейі қысқы кезең сай. Ириклин су қоймасынан су ағызу секундына 60 текше метрді құрайды. Өткен жылы бұл 25 текше метр болған. Кеше Ириклин су қоймасының көлемі 2,624 млн текше метрді құрады, судың келуі-19,1 текше метр/сек», – деді Салауат Төленов.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың сөзінше, сыни белгілерге қарай бермей, келетін судың да көлеміне қарау керек. Өткен жылға қарап, су белгіленген жерлерге ғана емес, одан әрі асып, қаншама қауіп төндіреді. Сондықтан келетін су көлемін бақылап отыру үшін, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бекеттер ашу және су басу қаупі бар облыстың 51 елді мекенінде маусымдық гидропосттар орнату керек.

Бұдан басқа, «Қазгидрометке» гидрологиялық жағдай бойынша шекара маңындағы мамандармен жедел деректер алмасуға көшу қажет. Өздеріңіз көргендей, су тасқыны екі жыл қатарынан болуы мүмкін, сондықтан дайындық пен уақтылы ақпараттандыру аса маңызды», – дейді облыс әкімі.

Атырау облысы ТЖД бастығы Нұрлан Жанабаевтың айтуынша, өңірде су құбырларын тазарту, бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 590 км бөгет салынды, 20 км канал қазылды, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда сегіз су өткізу құрылыстары жүргізілді. Өзендердің учаскелерінде 7 км жағалау аумағы, 121 км жерді тереңдету жұмыстары және 90 км жағалау аймағы нығайтылып, тазаланды.