Шығармашылық пен өнер адам баласының ішкі әлеміне діңгек болатын, өмір бойы сарқылмайтын қазына. Ал жас буынды осы жолға қанаттандыру, талантын шыңдап, елге қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеу үлкен жауапкершілік. Осы жолда ұстаздардың атқаратын рөлі өте маңызды. Біздің Алакөлден шыққан дарынды, елге танылған мықты азаматтардың да мектеп кезінен өнерге деген қызығушылығы болғаны анық.
Alakolmedia.kz осы орайда ақпан айының 3-7 күндері Үшарал қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте «Өнер әлеміне саяхат» атты шығармашылық апталығына қатысып, жас балақандардың өнерге деген құштарлығына куәгер болып қайтты. Бұл өнер апталығы «Daryn Alem» шығармашылық орталығының өнерге бағыттаған шараларының аясында ұйымдастырылды.

Алғашқы күні апталықтың салтанатты ашылуы болды. Оған «Daryn Alem» шығармашылық орталығының аудандағы жетекшісі Айнаш Келісқызы келіп, құттықтау сөзін айтып, алғыс хат табыстады. Оқушылар өнер көрсетіп, өздерінің салған суреттері мен туындыларын қойған көрмелерін қонақтардың назарына ұсынды.


4 ақпан күні өткен ән мен би күні де көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. «Қара жорға», заманауи билер, шығыс билері, «Атамекен» әні, караоке сынды шаралар дәліздер мен акт залында өткізілді. Сонымен қатар, қолөнер шеберханасында оқушылар бұйымдарды безендіру әдістерін үйренді.


Ал Сәрсенбі «Бейнелеу және дизайн» күні болды. Ерекше материалдармен сурет салу, гипспен жұмыс, қағаздан қолөнер бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сабақтары өтті. Сондай-ақ, робототехника мен тігін дизайны үйірмелеріндегі дарынды оқушылар өз жұмыстарын ұсынды.


Ал білім ордасының бейсенбі күні театр өнеріне арналды. Оқушылар Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романы негізінде көрініс қойып, Сәкен Сейфуллин шығармашылығынан сахналық көрініс көрсетті. Кішкентай оқушылар «Қалай ит өзіне дос іздеді?» атты қуыршақ қойылымын көрді. Сонымен қатар, «Абайды оқы, таңырқа…» әдеби кеші, поэзия оқулары мен пікірталас клубы да үлкен қызығушылық тудырды.

Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, өнерге баулуды көздеген іс-шара өз мәресіне 7 ақпан күні жетті. 1-11 сынып оқушылары хор айтып, би билеп, «Біз нашақорлыққа қарсымыз» атты қойылым көрсетті. Сонымен қатар, сән көрсетілімі де көрерменнің көз айымына айналды.

Апталық барысында оқушылар өздерінің өнерге деген қызығушылығын дамытып, шығармашылыққа ынта ықаласымен беріліп, бағыт-бағдар алды. Мектеп ұжымы мен ата-аналар да бұл бастаманы жоғары бағалады. «Өнер әлеміне саяхат» апталығы алдағы уақытта да оқушыларды өнерге баулып, түрлі іс-шаралар өткізуді жалғастырғалы отыр.







Post Comment