Алматыда рұқсатсыз тұрғын үй сатып 312 адамды алдаған компания басшылары ұсталды

Алматы қаласында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз тұрғын үй сатамыз деп 312 адамның 2,5 млрд теңгеден аса қаражатын жымқырғандар ұсталды, деп хабарлайды Alakolmedia.kz.

«Компания басшылығы тұрғын үй кешендерінің құрылысына рұқсат құжаттарынсыз және үлескерлердің қаражатын тарту құқығынсыз 2022-2023 жылдар аралығында үш тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату сылтауымен азаматтардың ақшасын алдау жолымен жымқырғаны анықталды. Аталған іс бойынша 312 адам жәбірленуші деп танылып, жалпы шығын 2,5 млрд теңгеден асқан», — деп мәлімдеді Бас прокуратура.
 
Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрт басшысы ұсталып, қазіргі таңда қамауда отыр. Тергеп-тексеру шеңберінде жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіру қамтамасыз етілді, ал қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
 
Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарға құрылыс компанияларымен келісімшартқа түсудің алдында мұқият тексеріп, тек ресми құжаттар негізінде ғана қаражат салу қажеттігін ескертеді.