Қазіргі заманда жасанды зерде (ЖИ) технологиялары адам өмірінің барлық саласына еніп, қарқынды дамып келеді. Қазақ тілі де бұл өзгерістерден тыс қалған жоқ. Жасанды зерденің тілді дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге ықпалы зор. Сонымен қатар, бұл технологиялардың қазақ тілінің болашағына төндіретін қауіптері де жоқ емес. Қадірлі оқырман, сондықтан жасанды интеллекттің қазақ тіліне әсерін жан-жақты саралап көрмекпіз.
Оң әсері
Әуелі көштен қалып, замануи технологияны ысырып тастаудың жөн еместігін айта кеткіміз келеді. Себебі кез келген жаңа технологияны елдің мүддесіне сай етіп, игілікке пайдалануға болады.
ЖИ-дің қазақ тіліне тигізіп жатқан оң әсерлерінің бірі – оның аударма мен мәтін өңдеудегі мүмкіндіктері. Google Translate, Yandex Translate, DeepL сияқты аударма жүйелері қазақ тілін қолдай бастады, бұл өз кезегінде ақпарат алмасуды жеңілдетті. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі мәтіндерді тану, дыбыстандыру және өңдеу жүйелері дамып келеді. Мысалы, «KazakhTTS » немесе «Aitu» платформалары қазақша мәтінді автоматты түрде дауыстап оқып, дыбысқа айналдыра алады.
Екінші маңызды әсер – білім мен ғылым саласындағы өзгерістер. ChatGPT сияқты жүйелер қазақ тілінде ақпарат беріп, оқушылар мен студенттерге көмектесіп жатыр. Бұрын тек ағылшын немесе орыс тіліндегі технологиялар енді қазақша да қызмет көрсете бастады.
Үшіншіден, ЖИ технологиялары арқылы қазақ тіліне арналған жаңа қосымшалар мен платформалар жасалып жатыр. «Abai» онлайн сөздігі, «Qazaq Grammar» сияқты бағдарламалар тіл үйренушілерге үлкен сеп болды.

Кері әсері
Дегенмен, ЖИ-дің қазақ тіліне тигізетін теріс әсерлері де бар. Біріншіден, автоматтандырылған жүйелер көбіне сапасыз аударма жасайды. Тілді жетік меңгермеген алгоритмдер кейде мағынасы бұрмаланған немесе түсініксіз мәтіндер ұсынады. Бұл қазақ тілінің қолданылуына кері әсерін тигізіп, оның сапасын төмендетеді. Қазіргі кездегі ақпараттар легіне көз салған кезде жасанды зерде жазған ақпаратты бірден байқауға болады. Мәтін түсініксіз, калька аудармамен, еш эмоциясыз, үстірт жазылады. Бұл қазақ тілінің тұла бойына балта шабу деп ашық айту керек.
Екіншіден, жасанды интеллект негізінен ағылшын және орыс тілдеріне басымдық береді. Қазақ тілінде мәлімет аз болғандықтан, ЖИ жүйелері қазақша мәтіндерді өңдеуде қиындықтарға тап болады. Мысалы, қазақша мәтіндердің грамматикалық қателері көп кездеседі немесе сөйлем құрылымын дұрыс түсінбей жатады.
Үшіншіден, ЖИ-дің дамуы қазақ тіліндегі контенттің сапасына әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда интернетте автоматтандырылған жүйелермен жазылған қазақша материалдардың саны көбейіп келеді. Бірақ олардың барлығы сапалы емес, бұл тіл мәдениетіне зиян келтіруі мүмкін.
Жасанды интеллекттің қазақ тіліне оң ықпалын арттыру үшін бірнеше шараларды жүзеге асыру қажет:
- Қазақ тіліндегі мәліметтер базасын кеңейту – ЖИ жүйелерінің қазақ тілінде дұрыс жұмыс істеуі үшін сапалы мәтіндер мен деректер базасын дамыту қажет.
- Сапалы аударма алгоритмдерін жетілдіру – қазақ тілінің ерекшеліктерін ескеретін, сөйлем құрылымын дұрыс танитын аударма жүйелерін жасау маңызды.
- Қазақ тілі мамандарын ЖИ дамытуға тарту – лингвистер, тіл мамандары және IT мамандары бірлесе отырып, қазақ тіліне лайықталған жасанды интеллект жүйелерін жетілдіруі тиіс.
- Қазақша контентті көбейту – интернетте қазақ тілінде сапалы ақпараттың көп болуы ЖИ жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Жасанды интеллект – қазақ тілінің дамуына жаңа мүмкіндік беретін құрал. Оның көмегімен аударма, мәтін өңдеу, дыбыстандыру және ақпарат тарату сияқты салаларда үлкен жетістіктерге жетуге болады. Дегенмен, сапасыз аударма, алгоритмдердің қазақ тіліне бейімделмеуі және контент сапасының төмендеуі сияқты мәселелерді шешу қажет. Егер дұрыс бағытта жұмыс жасалса, жасанды интеллект қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, оны заманауи технологияларға бейімдеуге мүмкіндік береді. Тіліміздің болашағы – өз қолымызда! Оны заман талабына сай дамыту – әрқайсымыздың міндетіміз.
«Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Алакөл аудандық филиалынан» өндірістік іс-тәжірибеден өтуші Айдана Айдынқызы







Post Comment