Ерлікпен қаза тапқан Рүстем Серікқалиұлының отбасына «Ерлігі үшін» медалі табысталды

Алакөл ауданының әкімдігінде ерлікпен қаза тауып, техногендік жарылыстың алдын алған Рүстем Серікқалиұлының отбасына «Ерлігі үшін» медалі табысталды.

Бұған дейін Alakolmedia.kz Бескөлде балық зауытындағы жарылыстың алдын алған құтқарушы көз жұмғаны жайлы жазған еді.

10 сәуір күні Жетісу облысы Алакөл ауданы Бескөл ауылында орналасқан балық зауытында өрт шықты. Төтенше жағдай болған соң, жақын маңдағы 200 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Алайда 28 жастағы Рүстем Серікқалиұлы қаза болды.

Өрт шыққан балық зауытына келе сала кіші сержант Рүстем Серікқалиұлы баспалдақпен дереу химиялық заттары бар қойманың үстіндегі шатырға көтерілген. Рүстем Серікқалиұлы өз өміріне қауіп төнетінін біле тұра, өрттің ең қауіпті жеріне ұмтылды. Оның көзсіз ерлігінің арқасында химиялық заттар (аммиак) сақталған қоймаға от тимеді. Оған тигенде біраз шақырымға жететіндей жарылыс болатын еді.

a5f9900c-1c5a-4965-9287-22b7f987af96 Ерлікпен қаза тапқан Рүстем Серікқалиұлының отбасына "Ерлігі үшін" медалі табысталды

Рүстем Серікқалиұлының артында әйелі мен екі баласы қалды. Кенжесі екі жаста.

Бүгін Алакөл ауданының әкімдігінде жарылыстың алдын алған Рүстем Серікқалиұлының отбасына «Ерлігі үшін» медалі табысталды. Шараға арнайы Әскери — әуе күштерінің бірінші орынбасары, штаб бастығы, авиация генерал-мойоры Ізбасов Асқар Ғадылшаұлы келгенін айта кеткен жөн. Аудан әкімі А. Абдинов іс-шараның алғы сөзін айтқан соң, генерал-мойор Ізбасов сөз алып, Қорғаныс министрінің көңіл айтқан хаты мен Президент Қ.Тоқаевтың марапат парағын оқып беріп, Рүстем Серікқалиұлының отбасына «Ерлігі үшін» медалін табыстады.