Ақтөбеде жұлынған қызғалдақпен суретке түскен әкім жазаланбайтын болды

Ақтөбеде қызғалдақ ұстап суретке түскен әкімді сот әкімшілік жауаптан босатты. Судья оқиға орнына әкімді ертіп барып, сол жерді таппай келді. 

Ақтөбе соты қызғалдақпен суретке түскен әкімге қатысты әкімшілік істі бір ай қарады. Бүгін жұлынған қызғалдақпен суретке түскен Жұбанов  ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты сот қаулысы шықты.

«Ләззат Бердібаеваға қатысты әкімшілік іс ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылсын. Қаулы табыс етілгеннен бастап 10 тәулік ішінде Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арқылы Ақтөбе облысының сотына шағым апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін», —деді судья. 

Енді әкімді «балаға дұрыс тәрбие бермеу» бабымен айыптаған полиция түсініктеме береді. Полицейлер оқиға орнын анықтамастан іс қозғай салған. Жұлған жерін нақты анықтамаған.

Әкімшілік құқықбұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар ұсынбаған полицияға сот жеке қаулы шығарды.