Белгілі заңгер Саида Таукелова Алакөлдегі қауіпсіздік талаптарының сақталмай отырғанын қатты сынға алды. Оның айтуынша, шомылуға арналған жағажайларда құтқару мұнаралары да, қалқыма белгілер де, білікті құтқарушылар да жоқ. Су бетінде демалушылар мен су көліктері араласып жүзіп жүр. Бұл – кез келген сәтте қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін.
«Бұл жай ғана салғырттық емес — бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп», — деп жазды Таукелова Facebook желісінде.
Ол азаматтық қорғау туралы заң мен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін еске салып, бұл талаптарды орындау – ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың міндеті екенін айтты.
Сонымен қатар заңгер Алакөлдегі кейбір қызмет түрлерінде заңсыздық барын жеткізді. Демалыс орындарының иелері лас суды шығару қызметін көрсететін жекеменшік компания ақшаны қолма-қол алып, түбіртек бермейтінін айтқан. Қызмет ақысы — әр нүкте үшін 15–19 мың теңге аралығында. Алакөлде осындай 260-қа жуық демалыс базасы бар.
«Мұнда салық органдары мен прокуратура үшін тексеретін дүние көп. Туризм дамуы үшін ең алдымен адамдар өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Біз балаларымыздың өміріне кім жауапты екенін, мұндай нысандарды кім тексеріп отырғанын, қауіпсіздік бойынша жол картасының бар-жоғын және оның қалай орындалып жатқанын білуге хақылымыз!» — деді Саида Таукелова.







Post Comment