
Қазақ тарихына көз жүгіртсек, қуатты әрі заманауи жарақталған әскердің болмауы – ұлтымыз үшін талай ауыр зардаптарға алып келгені анық. Кенесары хан бастаған көтеріліс заманауи қарумен жабдықталған Патша үкіметінің тұрақты әскерімен шайқаста жеңіліс тапты. Нәтижесінде қазақ халқының соңғы дербес қарсылық ұмтылысы басылып, еліміз Ресей империясының толық бодандығына өтті.
Осыған ұқсас жағдай ХХ ғасырдың басында да қайталанды. Алаш қайраткерлері құрған Алашорда үкіметі өз армиясын толық құрып, заманауи әскери қуатпен қамтамасыз ете алмады. Соның салдарынан Алаш әскері большевиктердің ұйымдасқан және жақсы жабдықталған Қызыл армиясына қарсы тұра алмай, Алаш Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуына мүмкіндік болмады.
Бұл тарихи оқиғалардан ұғарымыз – кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығы, ең алдымен, қуатты, кәсіби және заманауи қаруланған армияға байланысты.
Осыған орай, біз еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін заманауи, кәсіби және қуатты армия ретінде дамытуға айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Бұл — тек әскери сала мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның, мемлекет пен әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қуатты армия — елдің егемендігін сақтаудың және болашақ ұрпаққа тәуелсіз Қазақстанды аманат етудің негізгі кепілі.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі ең өзекті және қауіпті мәселелердің бірі — сыбайлас жемқорлық. Бұл қасіретті құбылыс әскери тәртіп пен әділдікті бұзып қана қоймай, армияның жауынгерлік қабілетіне, беделіне және ұлттық қауіпсіздікке тікелей зиянын тигізуде.
Егер біз шын мәнінде заманауи, қуатты және кәсіби армия құрғымыз келсе, онда ең алдымен Қарулы Күштер қатарындағы жемқорлықты түбегейлі жоюымыз қажет. Жемқорлықпен ымырасыз күрес — әскери реформалардың, тиімді басқару мен кадрлық тазалықтың негізі болуы тиіс. Тәртіп, әділдік пен адалдық үстемдік құрмаған жерде мықты армия болмайды.
Сондықтан Қарулы Күштер секілді стратегиялық маңызы бар салада сыбайлас жемқорлыққа жол берген тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекске қатаң өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деп санаймын. Атап айтқанда, қорғаныс саласындағы жемқорлық үшін жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе ерекше ауыр жағдайларда — өлім жазасын тағайындау мәселесін заңнамалық деңгейде қарастыру қажет.
Мұндай қатаң шаралар әскери тәртіпті нығайтып, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кедергі келтіретін жемқорлық әрекеттердің алдын алуға ықпал етеді. Ел қорғанысын сатқан адамға ең ауыр жаза қолданылуы — әділетті шешім.
Нұржан Келісұлы,
Үшарал гарнизоны Әскери полиция бөлімі бастығының орынбасары заң мәселесі жөніндегі анықтау және іздестіру бөлімшесінің бастығы әділет майоры.







Post Comment