2024 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әскер қатарында темірдей тәртіп орнауы қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – ел қауіпсіздігі мен Қарулы Күштердің беделі үшін аса маңызды міндет. Президенттің бұл тапсырмасы әскери тәртіпті нығайту, құқықбұзушылықтың алдын алу және жауынгерлік рухты көтеру бағытындағы жүйелі іс-шараларға серпін берді.

Әскери қызметтің сапасы мен тәртібі – елдің қорғаныс қабілетінің негізі. Осы тұрғыдан алғанда, жеке құрам арасындағы жарғыдан тыс қарым-қатынастар мен заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу – бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Қарулы Күштерде мұндай келеңсіз құбылыстарды болдырмау үшін нақты әрі пәрменді тетіктер қажет.
Солардың бірі – әскери полиция органдары мен әскери бөлім басшылығының үйлесімді және тұрақты бірлескен жұмысы. Бұл өзара іс-қимылдың негізі – жеке құрам арасында алдын алу шараларын жүйелі жүргізу, оның ішінде дене жарақатын тексеру арқылы жарғыдан тыс әрекеттерді ерте анықтау.

Практика көрсеткендей, сарбаздардың дене жарақаттарын үнемі тексеру – жарғыдан тыс қатынастардың алдын алудағы ең тиімді құралдардың бірі. Мұндай шаралар арқылы әскери қызметшілер арасында өзара бақылау күшейіп, жауапкершілік артады. Сарбаздар мен олардың командирлері мұндай тексерулердің тұрақты түрде өтіп тұратынын білсе, тәртіп бұзуға барудан тартынады. Бұл – қауіптің алдын алудың психологиялық әрі құқықтық тетігі.
Сонымен қатар, бұл тәсіл әскери ортада билікті асыра пайдалануға да тосқауыл болады. Сержанттар мен офицерлер де өз өкілеттіктерін асыра пайдалануға жол бермеу қажеттігін ұғынады. Қызметтік қарым-қатынастағы әділеттілік пен заңдылықты сақтау – әскери ұжым ішіндегі сенім мен тәртіптің негізі.
Әскери полиция мен бөлім командирлері арасындағы осындай өзара қолдау мен бақылау — әскердегі адам құқықтарын қорғаудың, тәртіпті сақтаудың және сарбаздардың моральдық жағдайын нығайтудың маңызды құралы.
Бұл – жауынгерлік дайындыққа да оң әсер етеді.
Жалпы жарғыдан тыс әрекеттердің алдын алу тек жазалау шараларымен емес, жүйелі және әділетті бақылаумен жүзеге асады. Бірлескен жұмыс пен ашықтық – әскери ортада әділдік пен тәртіпті орнатудың сенімді жолы.
Үшарал гарнизоны Әскери полиция бөлім бастығының орынбасары заң мәселесі жөнінде — анықтау және іздестіру бөлімшесінің бастығы әділет майоры Нұржан Келісұлы







Post Comment