Алматы қаласында бір топ ер адам 18 жастағы жігітті аяусыз соққыға жықты

Алматы қаласындағы Төле Би көшесінің бойында орналасқан «ШашлыкOFF» кафесінде бір топ ер адам 18 жастағы жігітті аяусыз соққыға жықты.

Оқиға қазан айының 11-не қараған түні болды. Анасының айтуынша, оның баласын 35–40 жастағы 15–20 мас ер адам соққыға жыққан. Алғашқы соққыдан кейін ол есінен танып қалған.

Ал қазір полиция тек 3 күдіктіні ғана ұстаған.

«18 жастағы жігітті 35-40 жасқа толған атпалдай еркектер жабылып ұрып, құлатты. «Есімді жисам, басымнан кезек-кезек тепкілеп жатыр» дейді. Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі менің естуімше 3 адамды ғана ұстаған. Оларды тек жеңіл бап бойынша ұстап отыр. Ал басты күдікті машинаға отырып, оқиға орнынан ізін суытқан. Бұлай қалып кетпей, әркім өзіне тиісті жазасын алса екен», – деді қайғыдан қан жұтқан анасы.

Алмалы аудандық полиция басқармасы қасақана денсаулыққа зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық адамдар анықталып, ұсталды. Қазір олардың әрқайсысының кінә дәрежесін және оқиғаның шынайы жай-жапсарын анықтауға бағытталған тергеу амалдарының кешені жүргізіліп жатыр. Әр қатысушының әрекетіне қағидатты құқықтық баға беріледі. Істің тергелу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.