Жылжымалы кітапхана: Алакөл аудандық кітапханасы жұртшылықты шақырады

«Кітап — білім бұлағы, білім өмір шырағы». Қазақтың осы бір даналығы уақыт өткен сайын маңызын жоймай, қайта мәні тереңдей түсті десек артық айтқандық емес. Қазіргі заманда ақпарат тасқынына қарамастан, кітап оқу-сананы серпілтудің, білімді жетілдірудің және рухани кемелденудің басты жолы болып қала береді. Дегенмен көпшілік қауымның күнделікті қарбалас тіршілігі кітапханаға барып, кітап оқуға мүмкіндік бермейтіні жасырын емес. Осыны ескерген Алакөл аудандық орталық кітапханасы «Жылжымалы кітапхана» жобасын жүзеге асырып, оқырмандарға сапалы әдебиетті қолжетімді етуді қолға алды, деп хабарлайды Alakolmedia.kz.

bf546e5e-364a-4a80-b01e-c636e3fde5c3-1024x768 Жылжымалы кітапхана: Алакөл аудандық кітапханасы жұртшылықты шақырады

Жоба мақсаты кітап оқуға баулу

«Оқыған озар, оқымаған тозар» демекші, бұл бастама уақыттары тығыз тұрғындар мен мекеме қызметкерлеріне арнайы барып, олардың сұраныстарын қанағаттандыруды мақсат етеді. Жоба аясында кітапханашылар ауданның түрлі мекемелерін аралап, жаңа әдебиеттермен таныстыруда. Жоба аясында алғашқы кездесу «01852 әскери бөліміне» бастау алды. Бұл кездесуде кітапхана қызметкерлері бөлімнің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Дархан Кусаиновкахабарласып, әскери қызметкерлерге әдебиетті насихаттады. Шара барысында сарбаздар ұсынылған кітаптарды тамашалап, кітапханаға оқырман ретінде тіркелді. «Кітап сарқылмас рухани қазына» деген түсінікпен, олар өздерінің кітап оқуға деген қызығушылығын білдіріп, болашақта кітапхана қорымен тығыз жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.

Апталық кітап алмасу және жаңа әдебиеттерді таныстыру

Жоба барысында кітапханашылар апта сайын кітап қорын жаңартып, оқырмандарға жаңа шығармаларды ұсынып отыр. Сонымен қатар, әр мекемеде тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, ұлттық әдебиет, әлем классикасы және заманауи шығармалар кеңінен насихатталып жатыр.

«Жақсы кітап — жан азығы» дегендей, бұл жоба кітап оқудың маңызын арттырумен қатар, адамдар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға да өз үлесін қосады. Оқырмандар жаңа шығармалармен танысып қана қоймай, өзара пікір алмасып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін дамытады.

Рухани кемелдікке бастар жол

«Оқу – инемен құдық қазғандай» десек, білімге ұмтылған жан ешқашан жапа шекпейді. «Жылжымалы кітапхана» жобасы – рухани азықтың халыққа жақындауына жасалған маңызды қадам. Бұл бастама аудан тұрғындарына сапалы әдебиетті қолжетімді етуімен ғана емес, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруымен де құнды.
«Кітап оқыған – келешегін ойлаған» дейді дана халқымыз. Демек, рухани бай, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында мұндай игі жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.

Қарғалдақ