Әскердегі өлім: Сарыөзекте сарбаздың мәйіті табылды

Жетісу облысында 18 жастағы мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қайтыс болды. Әскери бөлім басшылығы бұл қайғылы жағдайды кездейсоқ оқиға деп санаса, марқұмның туыстары бұған сенбей отыр, деп хабарлайды Alakolmedia.kz тілшісі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

18 жастағы Дастан Құрманбектің денесі 14 қаңтар күні Сарыөзек гарнизонындағы №12740 әскери бөлімінен табылған. Ол былтыр күзде әскер қатарына шақырылған еді. Cот-медициналық сараптама қорытындысында марқұмның өліміне «кеуде қуысының алдыңғы қабырғасындағы ашық жарақат» себеп болғаны жазылған. «Басқа және белгіленбеген атыс қаруынан атылған оқ» делінген құжатта.

Құрлық әскерлерінің ресми нұсқасына қарасақ, сарбаз жауынгерлік дайындықтағы далалық оқу-жаттығу кезінде өзіне оқ атқан.

«Қару қолдану ережелерін бұзу салдарынан ол оқ жарақатын алған. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Тергеу жүргізіліп жатыр. Әскери қызметкердің мінездемесі оң, бөлім басшылығына ешқандай шағым түсірмеген. Міндеттерін толық орындаған», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Алайда, марқұмның туыстары бұл нұсқаға күмәнданып, сарбазды біреу әдейі атқан болуы мүмкін деп санайды. Олар істің әділ және жан-жақты тергелуін талап етіп жатыр.

16 қаңтар күні марқұм өз туған жері – Түркістан облысы Мақтаарал ауданында жер қойнына тапсырылды.

Бұл Сарыөзек гарнизонында орын алған жалғыз қайғылы оқиға емес. 2024 жылдың күзіне қарай мұнда әскери қызметкер Темірбек Мыңжасаров та ауыр жарақат алған. Ол оқу-жаттығуға дайындық кезінде әскери техника тиеу барысында әріптесінің байқаусызда атқан оғынан жараланған.

Қолы тесіп өткен ауыр оқ жарақаты мен қан жоғалтқанына қарамастан, бөлім басшылығы оны бірден ауруханаға жеткізудің орнына жалдамалы пәтерге апарып тастаған.

«Ұлымды тапқанымда, ол әбден әлсіреген, бозарған, көп қан жоғалтқан еді. Оны жалғыз өзі пәтерде ұстап отырған. Ұлымның өмірін ғажаптың күші ғана сақтап қалды. Егер ол қайтыс болса қайтер едік?» – деп сол кезде Темірбектің әкесі Бақытберген Қасымбеков ашынып айтқан еді.

Құжаттарда Темірбек демалыста деп көрсетілген, бұл тергеушілердің күдігін тудырған. Кейін ол ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер ауыр жарақат алғанын анықтаған.

Сарбаздың әкесі ҚР Қорғаныс министрлігіне хат жазып, оқиғаға қатысы бар және ұлына қажетті медициналық көмек көрсетпей, істі жасырмақ болған адамдарды жазалауды талап етті.