Қазақстанда 2024 жылы 1641 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалимен кездесті. Асхат Жұмағали былтыр 1641 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alakolmedia.kz тілшісі.

Асхат Жұмағалидің сөзінше, былтыр 1641 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, жүйелі түрде жемқорлық жасаудың 68 фактісі анықталған. Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, сонымен қатар екі топқа үкім шығарылған. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 1493 адам ұсталған. Олардың ішінде түрлі деңгейдегі 229 басшы бар. 914 адам сотталған.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік 2022 жылдан бері мемлекетке жалпы сомасы 1,12 триллион теңгеге бағаланған мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткенін айтты. Былтыр сомасы 486,5 миллиард теңге болатын мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған. Ведомствоның мемлекеттік сатып алу мен қаржының мақсатты игерілуіне мониторинг жүргізіп, 87,7 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол бермегені жөнінде айтты:
      – маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың құрылысын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр;
      – агенттіктің қадағалауында 182 нысан бар, оның ішінде 81 құрылыстың жұмысы аяқталған
.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобының ұсынымдарын іске асыру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді. Оның аясында озық халықаралық тәжірибені енгізуді көздейтін 2 заң жобасы Мәжілістің қарауына ұсынылған.