Тоқаевтың төрағалығымен үкімет отырысы өтті

Бүгін, 28 қаңтарда, Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Тоқаев бірінші кезекте әкімдерді азаматтардың өмір сүру жағдайына қарай  бағалайтынын айтты, деп хабарлайды Alakolmedia.kz.

2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері жайлы айтылатын отырыста президент сөзді осылай бастады.

1492919b-4fcf-4f29-b8be-85ed060a39ac-1024x648 Тоқаевтың төрағалығымен үкімет отырысы өтті

«Үкіметтің кеңейтілген отырысы әлемдегі түбегейлі өзгерістермен қатар өтіп жатыр. Жаһандық өзгерістер біздің еліміздің экономикалық жағдайына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, толық цифрландыруға негізделген жаңа технологиялық дәуірге көшу әлемде сапалы жаңа шындықтарды қалыптастыратынын ескеру қажет. Біз осыған дайын болуымыз керек. Жаңа шындықтарға сәтті бейімделу Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуының шешуші факторы болады. Үкіметті және әкімдерді ең алдымен, экономиканың дамуы мен азаматтардың өмір сүру сапасының жақсаруына байланысты бағалаймыз. Бүгін біз өткен жылдың қорытындысын шығарып, алда шешілуі тиіс өзекті міндеттерді айқындау үшін жиналдық», – деді Қасым Жомарт Тоқаев. 

Отырыста баяндама жасап сөз сөйлейтіндер: Премьер-министр Олжас Бектенов, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

«Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет. Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айтқанмын. Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн. Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет», – деді Қасым Жомарт Тоқаев. 

438d1a70-ed82-4275-8ac5-397283ede1c3 Тоқаевтың төрағалығымен үкімет отырысы өтті

Сонымен қатар президент қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті екенін атап өтті. Тоқаевтың сөзінше, бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді.

Сондай-ақ ел басшысы Қазақстандағы туризмді қолға алатын көрікті жерлер көп екенін айтып, Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс.

«Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес. Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет. Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек. Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 млн. шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн», – деді Қасым Жомарт Тоқаев. 

Тоқаев энергия тапшылығы артып келе жатқанын атап өтіп, сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажеттігін айтты. Президент үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырғанын мәлімдеді.

Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Президент ендіг биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек екенін айтты. Сонымен қатар президент ауылды дамыту мәселесіне тоқтала кетті.

«Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Қасым Жомарт Тоқаев. 

Ел басшысы мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор екенін және ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс екені атап өтті.

Тоқаев сонымен қатар әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет екенін атап өтті. Президент мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бергенін айтты. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Ел президентінің сөзіне қарасақ, «Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілмек. Сонымен қатар мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу екенін баса айта кетт

«Ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс», – деді Қасым Жомарт Тоқаев. 

Бүгінгі отырыста ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту сынды ел болашағы үшін өте өзекті мәселелер талқыланды.