Марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай адвокаттарынан бас тартты

18 наурызда Айтбек Амангелді баспасөз-конференциясында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаттардан бас тартқанын айтты, деп хабарлайды Alakolmedia.kz.

Бұл жайлы Айтбек Амангелді мәлімдеп, іске басқа адвокаттар кірісетінін айтты.

«Осы кездесуден кейін екі сағаттан соң маған Қаржаубай хабарласты. Ол біздің адвокаттардың бәрінен сенімхаттарын қайтарып алатынын айтты. Басқа адвокаттарды таппақшы. Біз бұл әрекетке реакция білдірмедік, себебі Қаржаубайдың мінезін білеміз. Не болатынын көреміз. Кейінгі күндері белгілі болған ақпараттарға қарағанда, іске бес жаңа адвокат кіріседі. Біз үшін негізгі сұрақ – бұдан кейін не болатыны», – деді ол.

«Қаржаубайдан себебін сұрағанымызда «бұл телефонмен айтыланын әңгіме емес, ертең кездесіп барлығын айтып беремін» деп қысқа қайырды. Қаржаубай 15 тәулік уақытша ұстау изоляторынан шыққан кезде ешкіммен сөйлескісі келмейтінін айтқан болатын. Біз де отбасының жанында болып өз-өзіне келіп алсын деп уақыт берген болатынбыз. 18 қаңтардан кейін Қаржаубайды бүгін көрдік. Қазіргі таңда Қаржаубайдың отбасымен білікті психологтар жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта бұл істі кім алса да сәттілік тілейміз», — деп жауап берді Айтбек Амангелді.

Әуелі Талғардағы оқиғаны тізбектеп айта кетсек. 4 қазанда 16 жасар Шерзат олардың «Қамажай» дүкеніне келген бір топ адаммен болған төбелестен соң, пышақ сұққаннан қаза болды.

Бұл оқиғадан соң әкесі мен Нұрқанат ағасы және туыстары әділ сот талап етіп, жақындарымен және бір топ адаммен Талғарда көшеге шығып, жолды жауып тастаған болатын. Осыдан кейін әкесі өзіне біреулердің қоқан-лоққы жасап жатқанын айтты. Кейін олардың үйі өртенді.

Ал тергеу ісіне келсек, 10 адам күдікті ретінде ұсталды. Сол кездегі екі әйел адам куәгер ретінде қалды. Бұзақылық, кісі өлтіру, қоқан-лоққы жасау, қылмысты құзырлы органдарға хабарламау сынды айыптармен қылмыстық іс қозғалды. 3 пышақ, 1 мылтық айғақ ретінде алынды

Ал 9 желтоқсан сот алдынд Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі інісі Шерзат жерленген зират маңынан тізерлеп отырған күйі мойнында оралған сыммен табылды. 

10 желтоқсан Қаржаубай Нұрымов ұсталып, 15 күнге қамалды. Қаржаубай Нұрымовқа қатысты полиция ҚР ҚК 202-бабы («Басқа біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша соталды тергеу бастаған болатын. 25 желтоқсан Қаржаубай Нұрымов бостандыққа шықты. 

Еске сала кетсек, 12 желтоқсан Қаржаубайдың адвокаты полицияның сөзін жоққа шығарып, «хаттарды жариялауға отбасының рұқсат бермегенін және Қаржаубайды ұстауд сұрамағанын» мәлімдеді.