Тіл – ұлттың айнасы, халықтың жаны, оның мәдениеті мен рухани байлығының көрінісі. Ал, ұлттың болашағы – оның ана тілі. «Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бекер айтылмаса керек. Тілдің тазалығы мен мәдениетін сақтау үшін ең алдымен ауызекі сөйлеуден бастаған жөн.
Тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына қарамастан, әлі күнге дейін қате, шұбарлап сөйлейтін адамдарды жиі кездестіреміз. Ана тіліміз тек сөйлеу барысында ғана емес, жазбаша түрде де дұрыс пайдаланылмайтыны тағы бар. Оған дәлел, кейбір сауда орындары мен ұйымдардың атаулары немесе жарнамалардағы қателіктер көзге түсіп, көңілімізді қынжылтады. Әрбір затты немесе құбылысты сипаттауда алдымен өз тіліміздің сөздік қорын пайдалануға мән беруіміз міндетті. Әрине, егер басқа тілден сөз алу қажеттілігі туындаса, оны өз тіліміздің грамматикалық және фонетикалық заңдарына сәйкестендіріп қолдану да тіл тазалығын сақтау жолдарының бірі саналады.

Иә, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — жарнамалардағы тіл тазалығын қозғауымыз қажет. Қазақстанда жарнама мәтіндері көбіне мемлекеттік тілде және ресми тілде жазылады. Алайда, бұл мәтіндердің тілі жиі сауатсыз, грамматикалық және стилистикалық қателері көп. Міне, тіл тазалығының бұзылуының негізгі себептері: тіл нормаларын сақтамау, аударма сапасының төмендігі, жарнамалық мәтіндерде сөздердің дұрыс жазылмауы, шетелдік сөздердің негізсіз қолданысы жиі кездеседі. Осының барлығы тілге немқұрайлық танытуға әкеп соғады. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ көптеген жарнама берушілер тіл тазалығына жеткілікті назар аудармай, жарнама мәтінін тек пайда табу құралы деп қарайды. Бұл дұрыс па? Оның шешімін қалай шешеміз?
Жалпы, жарнамалық мәтіндер қоғамның күнделікті көретін элементі болғандықтан, олардың сапасы жоғары, мазмұны түсінікті әрі сауатты болуы маңызды. Мысалы, Қазақстандағы танымал туристік орталықтардың бірі – Алакөл. Соның ішінде Ақши және Көктұма ауылдарына келушілер көп. Бұл жерде заманауи демалыс базалары, кафе – ресторандар, қайық жалға беру қызметтері де ұсынылады. Бірақ, соған қарамастан туристердің көңілінен шықпайтын, қынжылтатын нәрсе – жарнама. Яғни, инфрақұрылымды асыра мақтау. Кейбір жарнамаларда инфрақұрылымның деңгейін асыра мақтап көрсетеді. Мысалы: жағажайлар мен демалыс орындарының тазалығы туралы айтылғанымен, кейбір жерлерде шын мәнінде қоқыс көп болуы мүмкін. Пансионаттардың жайлылығы немесе тамақ сапасы жарнамада жоғары деңгейде деп көрсетіліп, бірақ шын мәнінде күткендегідей болмай жатады. Сонымен қатар, бағалар туралы жалған ақпарат. Жарнамада төмен баға көрсетіліп, нақты келіп жеткен кезде қосымша төлемдер талап етілуі мүмкін. Бұл туристердің көңілін қалдырады.
Суреттер мен шындықтың сәйкес келмеуі де қынжылтатын нәрсе. Әрине, Алакөлдің табиғаты керемет, бірақ қызмет көрсету сапасын жақсарту және жарнаманың шынайы әрі қатесіз болуы одан да маңызды. Тілдің абыройын арттыратын да, оның қадірін кетіретін де – өзіміз екенін ұмытпайық!
Тілімізді қадірлеп, құрметпен қарау арқылы оны шұбарландырудан сақтап әрі асқақтата аламыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әрбір азамат өз тілін құрметтеп, оны таза пайдалану арқылы қоғамда жоғары мәдениетті қалыптастыра алады. Сондықтан да әрқайсымыз тіл тазалығына мән беріп, оны күнделікті өмірде сақтауға тырысқанымыз жөн. Тек сол жағдайда ғана біз өз тілімізді келешек ұрпаққа адал, таза және бай күйінде жеткізе аламыз. Тіл жанашырлары болып, тілдің мәртебесін жоғары ұстайық.
«Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Алакөл аудандық филиалынан» өндірістік іс-тәжірибеден өтуші Маржан Амангелдықызы







Post Comment