2025 жылы Қазақстанға екі мыңдай қандас оралды

Қазақстанға оралған қандастар еңбек күші жетіспейтін өңірлерге қоныстанып жатыр. Оларға көшуге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге субсидиялар беріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 150 мыңнан астам этникалық қазақ оралды. Биылғы жылдың басынан бері 2 185 адам қандас мәртебесін алды.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қандастардың елге келу географиясы мынадай:
46,4% – Қытайдан,
41% – Өзбекстаннан,
7,1% – Түрікменстаннан,
1,9% – Ресейден,
1,6% – Моңғолиядан,
2% – басқа елдерден.

Қандастардың жас ерекшеліктері мен білімі:
60,8% – еңбекке жарамды жастағылар,
30,8% – кәмелетке толмағандар,
8,4% – зейнеткерлер.

Олардың 16,8%-ы жоғары білімді, 30,7%-ы арнаулы орта білімді, 50,8%-ы орта білімді, ал 1,7%-ында ешқандай білім жоқ.


Көші-қон саясаты бойынша қандастар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылуда.

Мемлекеттік қолдау шаралары:
Көшуге субсидия – әр отбасы мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) беріледі.
Бір жыл бойы тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеуге ай сайын 15-30 АЕК (59-118 мың теңге) көлемінде көмек көрсетіледі.
Солтүстік өңірлерге көшуге ынталандыру үшін арнайы тұрғын үй сертификаттары енгізілді. Отбасына 4,56 млн теңгеге дейін немесе баспана құнының 50%-ын жабуға қаржы бөлінеді.
2025 жылдың басынан бері мемлекеттік қолдау 84 қандасқа көрсетілді, олардың 56-сы тұрақты жұмысқа орналасты.